01 Маусым, 2017

Ұлттық танымның өзегі –  тарихи сана

3939 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жеке адам өзінің өткені мен өмір сүріп отырған қоғамындағы орын алған оқиғаларды дұрыс па­йымдап, оң баға беру үшін оның  жастайынан қалыптасқан озық тарихи санасы болуы қажет.  Ғалым-оқымыстылар «тарихи сана» дегенді – әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың тарихын сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырларын, өткен өмір жолын танып-білуі, сол арқылы патриоттық сана-сезімінің оянуы деп түсіндіреді. 

Ұлттық танымның өзегі –  тарихи сана

Тарихи сананың қоғамдағы маңызы жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы мамыр айында Астана қала­сында ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында сөйле­ген сөзінде: «Тарихи сананы дұрыс қа­лып­тас­тыру арқылы біз болашаққа нық қадам жасайтын боламыз. Оны іске асыратын құрал – әркімнің өзінің төл тарихы пен мәдениетін білуі», деген еді.

Расында, қоғамда тарихи сана дұрыс қалыптаспай, ұлттық сананың жаң­ғыруы мүмкін емес. Өйткені, ұлт­тық таным­ның өзегі – тарихи сана. Ал тари­­хи сананың қалыптасуында ақи­қат­ты арқау еткен шынайы тарих пен халықтың байырғы қайнарынан сусындап, салт-дәстүрдің алтын арқауына байланған руханияттың рөлі зор.  

Өткен замандарға көз жіберсек: тарихи санасы жансызданған этностың белгісі – өзінің даму үрдісіндегі ақиқи болмысын парықтау қабілетінен айырылып, асылын бағалай алмайтын, басқаның жасығын малданатын, санасы қортық, өзін басқадан кем санайтын, кембағал түсінік сияқты сипаттары болады екен. 

Тарихи сананың бұлай ойрандалуы, әсіресе, отаршылық қыспаққа ұшыраған әрбір халықта сөзсіз болады. Мұндай сипат ұзақ жыл отаршылық заманды басынан өткерген қазақ халқының да бойынан табылары анық. Мысалы, Ресейдің Ағарту министрлігі 1870 жылы «Ресейде тұратын жатжұрттықтарды орыстандыру  шаралары»  атты құжат қабылдап, бұратана халықтардың тарихи санасын әлсірету үшін арнайы шаралар қарастырған. Осы сала бойынша ұзақ жыл зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі академик Манаш Қозыбаев: «Бодан болған елдің санасын тұсап, рухани құлдыққа қарай икемдеу үшін қолданылатын ең төте тәсіл – халықты өз тарихи санасынан айыру. Бұл үрдіс 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін де жалғасып, жаңадан орнаған кеңес­тік идеологияның басты құралы болды. Мысалы, Кеңес өкіметі құрыл­ған алғашқы жылдары Одақ бойын­ша барлығы 194 ұлт пен ұлыс өмір сүрген болса, 1991 жылы Одақ құлағанда осылардың 50 пайызы тарихи санасын жоғалтқандықтан, ұлт ретінде жойылып кетті», дейді.  

Жоғарыдағы этностардың тарихи санасының жойылып кетуіне не­гізгі себеп – олардың ұлттық таным-түсі­нігіне қайшы методологиялардың  өмір шындығы ретінде түсіндірілуі еді. Дәлірек айтқанда, тарихи объективті шындық империялық саясаттың ығына қарай бұрмаланып, осының салдарынан ұсақ ұлттардың өз тарихын жат­сынуын, өзінің өткенінен жиренуіне әкеліп соқтырды. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» атты бағдарламалы мақаласында: «Ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды», деп отарлаушылар тарапынан  ұлт руханиятына күштеп таңылған сорақылықты айқын ескерте келе, одан құтылудың сара жолы өзіміздің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани кодымызды сақтай отырып, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес. Ол үшін әуелі рухани кодтың өзегі – тарихи сана екенін ұмытпауымыз керек,  дейді. 

Елбасы бұл пікірін қазіргі заманды уақыт тұрғысынан әбден бағамдап,  болашақты ойлап, келешекті толғау арқылы, толық зерделеп барып айтып отыр. Өйткені, бір қоғам, бір ел, бір ұлыста ұлттық тарихи санасы қалыптасқан топ пен мәңгүрттік пиғылдағы қауымының қатар өмір сүруі болашақта елдіктің ыдырауы мен ортаның жікшілденуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. 

Сондықтан болашақта қазақ қоғамын сауықтырудың жолы кемелденген тарихи сананы қалыптастыру арқылы барлық халық бір ғана мақсат пен ортақ мүддеге жұмыла қызмет істеу екені түсінікті. Осы орайда, үнді жұртының көсемі Рабиндранат Тагордың  «әрбір халық әлемдік қоғамдастық алдында өзінің басқаға ұқсамайтын ерекше ұлттық болмысымен дараланып тұрмай, басқаның қаңсығын қадір тұтса, ол халық жойылуға бет бұрған, қасірет жолындағы ұлт» дегенін де ұмытуға болмайды. 

Бекен Қайратұлы,
«Егемен Қазақстан»